Бас мүфтидің «Мүбәрак Рамазан» атты еңбегі бойынша білім сайысы өтті
27-мамыр күні «Иманғали» орталық мешітінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Мүбәрак Рамазан» атты еңбегі бойынша жас жамағаттар арасында білім сайысы өтті.
ҚМДБ-ның Атырау өңіріндегі өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлының бастамасымен өткізіліп отырған сайыстың
шарты – 1-ай оқуға тапсырылған Бас мүфтидің «Мүбәрак Рамазан» кітабы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, білім жарыстыру.
Мешіттің наиб имамы А.Жұмабекұлы, М.Мұстафаев, сондай-ақ, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің Атырау облысы бойынша жетекшісі Арман Урумбаевтар қазылық еткен сайыста жас жамағат «Рамазан», «Шәббаб» және «Раийан», «Шаһада» атты 4 топқа бөлініп, өзара бақ сынасты.
Сайыстың қорытындысы бойынша «Раийан» тобы жүлделі 1-орынға ие болса, «Шәббаб»тобы 2-ші, «Рамазан» тобы 3-ші орындар биігінен көрінді.
Айта кету керек, бұл бәйгенің жүлдесі де ерекше болды. 1-орын алған «Раийан» тобына Астана қаласына өтетін «EXPO – 2017» көрмесіне барып-қайту жол билеттері тарту етілсе, 2-орын алған «Шәббаб» тобының Рамазан айында қаладағы мейрамханаларда 2 күн ауызашарда тегін тамақтануына қажетті қаражат бөлінді.
3-орын алған «Рамазан» және «Шәббаб» топтарына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі