Мешіт жамағаттары Алла үйіне кілем тарту етті
ҚМДБ -ның Атырау өкілдігіне қарасты қала маңындағы Тасқала ауылдық «Мәулімберген» мешіті 2004 жылы қараша айында пайдаланылуға берілген болатын. Аллаға шүкір, бүгінде бас имам Мақсот Бағытжановтан бастап І.Қабдырахманов, Н. Жұмахметов сынды наиб имамдар мен көмекші молда С.Бәйменовтер ұлттық салт-санамызбен ұштасып жатқан Ислам діні құндылықтарын жамағатқа насихаттап келеді.
Десек те, ауыл мешітінің әлеуметтік-материалдық жағдайы мәз емес десек, артық айтпағанымыз. Мешіттің коммуналдық, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына жұмсалаған шығындарына мешіт жамағаттары қолдау білдіруден жалыққан емес.
Міне, биылғы Рамазан айының алғашқы күндері мешітке жүректері байланған бір топ азамат жігіттер (жамағат) әбден тозығы жеткен мешіттің төсеніш кілемін жаңалап, тосын сый жасады. Қалы кілем мешітіміздің ішіне ерекше сән беріп, мешіт жамағаттары, ақ сақалды аталарымыз ризашылық- тарын білдіріп, баталарын беруде.
Жаратқан иеміз асыл дініміз үшін жасаған әрбір салиқалы амалдарымызды өз құзырында қабыл етіп, еселеп сауап жазсын! Қасиетті Рамазан айы барша мүмін-мұсылмандарға мүбәрак болсын! Әумин!
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі,
«Мәулімберген» мешіті