Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Саналы ұрпақтың сауапты амалдары

Адам баласы өмірінің әрбір кезеңі қызық-думанға толы. Әсіресе, саналы ұрпаққа білім ұясының табалдырығын алғаш аттап, тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын мектеп кезеңі ерекше ыстық. Сол, алтын ұядан алғаш рет үлкен өмірге қадам басып, сан түрлі салаға тарқап кете барады...

Мамыр айының мамыражай  25-ші жұлдызында, Атырау қаласы, «Кең-Өзек»    ауылдық округі, ежелгі Тасқала ауылы, Т.Амандосов атындағы мектебінің байырғы түлектері 20-жылдық басқосуға жиылып, «Мәулімберген» мешітінде дүниеден өткен сыныптас достарына арнап Құран бағыштады. Ауыл  үлкендері мен ұлағатты ұстаздарына арнайы дастархан жайды. Мәртебелі меймандар арасынан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жүсіп Дүйсебаев, ауыл әкімі Сәден Лұқпанов, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов, аталмыш білім ұясын 25-жыл басқарған Темірбек Әшенов, алғашқы сынып жетекшілері -Қалжан Сәрсенғалиева, тағы басқа аға-апалар түлектерге ыстық лебіздерін айтып, ақ баталарын берді.

Астан кейін, ауылдың кіре берісіне арнайы бағаналарға  «Тасқала ауылы» және «Жолдарыңыз болсын» деп жазылған ауыл қақпасын ашу рәсімі болды. Сондай- ақ ауыл әкімшілігі кеңсесі қасында балаларға «батут» құрылып, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. Ел-жұрт мәре-сәре болып, бір жасап қалды. Осындай сауапты істерге мұрындық болған саналы азаматтарға Алла Тағала баянды да бақуатты ғұмыр беріп, үбірлі-шүбірлі болуды нәсіп етсін! Өркендері өскей!

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша

өкілдігінің баспасөз қызметі,

«Мәулімберген» мешіті, Тасқала ауылы.

Жоғарыға