Шоқпартоғай ауылында ауызашар берілді
Рамазан айы – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан айының шарапаты мен сауабы тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді. Бұл айда жасалған амалдарымызға еселеп сауаптар жазылмақ. Сауабы мол ізгі амалдың бірі – ораза ұстаған адамға ауыз аштыру.
Осы орайда, Жылыой аудандық Шоқпартоғай ауылы «Қапан қажы» мешітіне қамқоршы болып жүрген Қапан, Ырысты қажылардың ұрпақтары 9 маусым күні «Шоқпартоғай» банкет залында120 жамағатқа ауызашар дастарханын ұйымдастырды.
Дастарxан басында «Қапан қажы» мешітінің имамы Ж.Ыбыраш «Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!» - деп жамағатты Рамазан айымен құттықтай келе, тағылымды уағыз айтты.
Сондай-ақ, «Бақай» коорпарациясының директоры М.Балжігітов Рамазан айында кешірімді болудың артықшылығын, қасиетін жеткізді. Елібай, Құлымжан, Қайырқос ақсақалдар ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сондай-ақ, мешіттің бас имамы Ж.Ыбыраш ауызашар дастарханын ұйымдастыруға мұрындық болған Балжігітовтер әулиетіне алғыс айтып, жамағатты ауызбіршілікке шақырды.
ҚМДБ-ның Атырау облысы
бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі,
«Қапан қажы» мешіті, Шоқпартоғай ауылы