Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Жас Өрен» жастар қоғамдық бірлестігі ауызашар берді

 Қасиетті Рамазан айының орзасын тұтып, Жаратқан иеден жарылқау тілеп жатқан күллі мұсылмандардың ризалығы мен дұға-батасын алу мақсатымен түрлі мекемелер, қоғамдық қор мен бірлестіктер, дәулетті азаматтар жарыса ауызашар беруде. Әрине, бір Аллаға иман келтірген әрбір саналы мұсылман ақиреттегі сауабының мол болғанын қалап, осындай қасиетті айларда қапы қалмауға қам-қарекет жасап бағады.

 Осынау отыз күн Оразада тағы да бір оңды істің орайы келіп, Атырау қаласы, Алғабас ауылы, «Мәулімберген»  мешітінде  «Жас Өрен»  жастар қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, мешіт жамағаттарына арнап ауызашар берді.

Ауызашар дастарханына аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қайырғали Сүйіндікұлы Азилов, «Шапағат»  деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек» ҚҚ-ның теологы, белгілі дінтанушы Серікжан Еншібайұлы, мешіт жамағаттары қатынасты.

Мешіттің бас имамы Мақсот Бағытжанов мәртебелі меймандарға жылы лебізін айтып, діни уағыз-насихат пен ақжарма тілегін жеткізді.

 Құптан намазының алдында «Жас Өрен» жастар қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен діни-шариғи викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, жамағаттар белсене атсалысты. Теолог Серікжан Еншібайұлы жамағаттарға тұщымды уағыз-насихат айтып, жастардың жат ағымдарға еріп арандап қалмау- ларына ерекше алаңдаушылық танытып, имамдарға бағынуға шақырды. Мешіт жамағаттары бір адамдай имамға ұйып, құлшылықтарын өтеп тарқасты.

 

ҚМДБ-ның Атырау облысы

 бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі,

«Мәулімберген» мешіті             

Жоғарыға