Құран сайысының жеңімпаздары марапатталды
16-маусым, қасиетті жұма күні жұмаға жиылған жамағаттың алдында дәстүрлі V облыстық Құран сайысының жеңімпаздары марапатталды. Айта кету керек, бұл сайыс 14-маусым күні «Иманғали» орталық мешітінде өткен болатын.
ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы 12-24 арасындағы жас жамағаттарды қамтыған сайыстың Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылғанын айтты.
«Ақпараттық-талдау орталығының дінтанушы мамандары Батырбек Убаев, Мейіржан Құлсымақов және мешіт ұстаздары, түркиялық Хусейн Кая, арабиялық Абдулазиз Зайд Абдулазиз Ахметтер әділқазылық еткен сайыс 2 номинация бойынша өтті. Біріншісі – Құранның ең соңғы 30-парасын жатқа айту, екіншісі – қатысушының еркі бойынша (өзі жаттаған сүрені) Құранды көркем оқу. Айта кету керек, 30-параны жатқа айту номинациясы бойынша 24 үміткер бақ сынаса, екінші номинация бойынша 12 шәкіртіміз қатысты», - деді өкіл имам.
Сөз соңында аталған доданың бас жүлдесін иеленген құрманғазылық Оразбеков Нұржанға (24 жас) кіші қажылық (Умра) жолдамасын табыс етіп, 1-орын иегері, Мақат ауданы атынан қатысқан Орынбасаров Серікті (22 жас) 100 000 теңге, 2-орынға ие болған құрманғазылық Қабдуллаев Айдарбекті (22 жас) 50 000, 3-орын биігінен көрінген«Иманғали» орталық мешітінің шәкірті, оператор маман Жәнібеков Нұрайбекті (18 жас) 30 000 теңгедей қаржылай сыйлықтармен марапаттады.
Құранды көркем оқу сайысының қорытындысы бойынша да жеңімпаз атанған Иманғалиев Саламат (1-орын), Берден Әлижан (2-орын), сондай-ақ, Нұрсұлтанов Диярлар да (3-орын) өкіл имам қолынан сыйлықтарын алды.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)