Жарсуатта «Шапағатты Рамазан» атты рухани кеш өтті
Маусымның 16-сы күні Индер аудандық Жарсуат ауылдық мешіттің имамы Зинелұлы Құраштың мұрындық болуымен «Шапағатты Рамазан» атты рухани кеш болып өтті.
Кештің мақсаты – қасиетті Рамазан айының сансыз сауапқа толы шарапаты мен қадір-қасиетін айқындай түсу. Жастардың бойына асыл дініміз Исламның тап-таза мөлдір бұлақтай кәусарлығын ұялату. Кешке Индер аудандық «Әйіп Қажы» мешітінің бас имамы Ералы Жұбанұлы, ауыл қариялары мен тұрғындары, жалпы саны 100-дің үстінде адам қатынасты. Рухани кеште ауыл имамы Құраш Зинелұлы құран оқып, аудан имамы Ералы Жұбанұлы бата жасаумен басталып, Рамазан айының қасиеті жөнінде жүргізілген видео-роликпен жалғасын тапты. Кешті Қайсар Берік ұлы мен Толқын Әділхан қызы жүргізіп отырды.
Рухани кеш халықтың көңіліне жетіп, көздеріне жас ұялатты. Шара барысында көріністер қойылып, оған Нысанқайыр Жолдас, Асқар Рашұлы, Самат Ғалымжанұлы, Сұлтан Қияқбай, Айбек Бейбітов,Құраш қызы Фәтима,Нұраш қызы Балауса,Парасат Әйтөк ұлы,Лашын Нүркен қызы, Нағим қызы Айша, Айбар қызы Айша, Азидолла қызы Саяжан, Дархан ұлы Шапағат, Дархан қызы Айгерім, Кеңес ұлы Әнуар, Талас Мұрат сынды жас дарынды шәкіртті қатынасып, рухани кештің әсерін кіргізе түсті.
Шараның соңында өз ризалықтарын білдіріп, ауданның құрметті азаматы Аталық Бисен, Амантай Құлшарипов сынды азаматтар сөз сөйлеп, жүрек тебіреністерімен бөлісті, жастарға ақ тілектерін жаудырды.
Рухани кештің соңы тағы да бір игі іске ұласып, «Нұрбике» тойханасында ауызашар дастарханы болып жалғасын тапты. Дастархан басында да қасиетті айдың бұл дүние мен ақиреттегі шапағаты жөнінде сөз болып, имамдар мен кеш қонақтарына сөз берілді.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі
бойынша баспасөз қызметі,
Жарсуат ауылдық мешіті