Қалалық «Әт-тақуа» мешітінде өткен Қадір түні
Қалалық «Әт-тақуа» мешіті айлардың сұлтаны болған Рамазан айының 26-ы күні жамағатқа ауыз ашар дастарханын ұйымдастырып, жылдағы дәстүр бойынша Қадір түнін биыл да ерекше дайындықпен атап өтті.
Құптан намазының алдында мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы мешіт жамағатын келіп жеткен Қадір түнімен құттықтап, қасиетті түннің кереметтері туралы уағыз-насихат айтты. «Қадір түні – асыл пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірін өзгерткен, яғни Оған (с.ғ.с.) Исламның қайнар көзі – Құранды түсіріп, пайғамбарлық өмір тарихына жол ашқан түн. Бұл түн – Құран-Кәрімнің «Қадыр» сүресінде сипатталып, Алла Тағаланың адамзат баласына нәсіп еткен ұлық нығметі. Бұл түн – Жәбірейіл бастаған періштелердің жерге түсіп, момын мұсылман баласының жасаған амал, тілеген дұға-тілектерінің көк құзырына көтерілетін түні. Сондықтан да бұл түнді құлшылықпен өткізуіміз керек», – дей келе, түнгі құлшылықтың сырлары туралы әсерлі уағызымен жамағатты ұйытты.
Тарауих намазынан кейін жамағаттың жеке-жеке құлшылық етуі үшін үзіліс беріліп, аздаған демалыстан соң викториналық сұрақтарға негізделген жамағатаралық білім сайысы ұйымдастырылды.
Таң намазының уақыты кіргенге дейін сәресі дастарханы жайылып, бір-біріне ризашылық, Алла Тағалаға шүкіршілік сезімдерін өнегелі сөздерімен өрнектей білген жамағат бірлік пен берекеге толы бауырмалдықтарын паш еткендей бір дастархан басында ауыздарын бекітті. Еліміздің амандығын, халқымыздың тыныштығын тілеп, жамағаттың алақан жайып бата қайырысқан сәті Жаратқан иемізге деген ыстық ықылас, мейір-махаббат пен көкейтесті дұға-тілегіндей әсер қалдырғаны сөзсіз.
ҚМДБ-ның Атырау өңірі
бойынша баспасөз қызметі,
қалалық «Әт-тақуа» мешіті