Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қасиетті Қадір түніндегі ауыз ашар

 Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне сыйлық етіп берген қасиетті Қадір түнінде Жылыой ауданы «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінде Аудан азаматтары біріге отырып  ауызашар берді. Оған қажылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, жергілікті жамағат, БАҚ және зиялы қауым қатысты.

Рамазан айының құрметіне жайылған дастархан Құран Кәрім аяттарымен ашылды. Сондай-ақ берекелі дастархан басында жиылған өңіріміздің игі жақсылары да кезекпен сөз алып, барша мұсылман қауымды қасиетті Қадір түнінде жасаған дұға-тілектердің, ұстаған оразалардың қабыл болуын тіледі. Бұл жасалған игі ісі үшін ел азаматтарына ризашылықтарын білдіріп, асыл дініміздің қанат жайып, өрлеуіне үлес қосатын азаматтардың көп болуын тіледі. 

Ауызашар соңында «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев ораза ұстаудың мәні және ауыз аштырған кісіге берілетін сауап жайында, Қадір түнінің қасиеті, мұсылманның ауыз біршілігі жайында  уағыз айтты. Сонымен қатар Рамазан айы бойы ұйымдастырылып жатқан ауызашарлар үзілмегенін тілге тиек етіп, ай бойы жасалған қайырымдылық іс-шараларға демеу көрсетіп жүрген өңіріміздің қайырымды жандарына шексіз алғысын білдірді.

Қадір түні мешітке келген жамағатқа «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінде 600 адамға ауызашар берілсе, ал сәресіге 700 ге жуық адамға сәресі дастарқаны жайылды. Имамдар алдын ала дайындалған бағдарламаға сәйкес Рамазан айы, Қадір түні, ораза тақырыптарын қамтыған уағыз-насихат айтып, сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, жауап берген жамағаттарға бағалы сыйлықтар беріліп, мешітке келген жамағат қасиетті түннің маңыздылығы мен ерекшеліктері жөнінде кеңінен мағлұмат алды.

Жылыой ауданы «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінде қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің бас имамы А. Исаев хатым Құран дұғасын жасап, Рамазан айы бойы тарауық намазын өткізіп, Түркия елінен келген Хажы Али қариға алғыс білдіріп және  ауданымыздағы  жасы ең үлкен Абдулла қажы атамызға Құран кәрім сыйға беріліп, барша жиылған жамағат Түрік елінен келген қариға өз ризашылығын білдірді.

Мың айдан да хайырлы Қадір түні Жылыой ауданына қарасты барлық мешіттерінде де жоғары деңгейде өтті. Мешітке жиналған жамағат бұл қасиетті түнді құлшылық, ғибадаттарымен өткізіп, асыл дініміздің құндылықтары жайында мол мағлұмат берген дін қызметкерлеріне алғыстарын айтып, таң намазын оқыған соң тарқасты.

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша

баспасөз қызметі,

Жылыой аудандық мешіті

Жоғарыға