Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Әт-Тақуа» мешітіндегі Айт намазы дүбірлі мерекеге ұласты

24-маусым – Ораза Айт күні қалалық «Әт-Тақуа» мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де Айт намазы оқылды.

Айт намазының алдында мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы таң атысымен мешітке қарай ағылған барша жамағатты Ораза Айт мейрамымен құттықтап, Айт намазының оқылу тәртібін түсіндірді. Және Ораза Айттың дініміздегі үкімі, қадір-қасиеті мен ерекшеліктерінен сыр шертетін пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті, хикметі мол Құран, тағылымды Ислам тарихынан сөз қозғап, өнегелі уағыз айтты.

Мешіттің іші-сыртын лық толтырған жамағат Ораза Айт мерекесінің мән-мағынасын аят, хадистермен айшықтаған әсерлі уағыздан соң, имамға ұйып, Айт намазын оқыды.

Намаз бітісімен отыз күн ораза – Рамазан айын шығарып салып, Айтқа аман жеткен ағайын бірін-бірі құшақтаса құттықтап жатты. Кейінгі ұрпақтың дін-Исламға келіп, осы күнге жеткеніне іштей шүкіршілік айтқан ақсақалдар алқасы мешіттегі Жастар ұйымы жайған ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Аға буынның өкілдері ретінде ізгі тілектерін жолдап, баталарын берді.

Бір қуанарлығы – биылғы жылы «Әт-Тақуа»мешітінде басталған Ораза Айт мейрамы жергілікті халық тарапынан кең қолдау тауып, игі дәстүрге жол ашылғандай. Айта кету керек, қонақжай еліміздің салтымен Алланың үйінде жайылған ақ дастархан Жұмыскер мөлтекауданында жалғасын тауып, «Сарықамыс» мектебінің ауласына құрылған киіз үйлерде мешіт жамағатына құрмет көрсетілді. Балалар батуттарда ойын қызығына батып, өзді-өзі мәре-сәре боп жатты. Міне, ұлттық рухыңды асқақтатар осынау мерекелік көрініс Алла Тағаланың рақымы түскен Ораза Айт мерекесінің жас пен кәріні түгел қуанышқа бөлер қасиетті мереке екенін аңғарта түскендей.

Алла Тағала Рамазаннан Рамазанға, айттан айтқа аман жетуімізді нәсіп еткей!

 

ҚМДБ-ның Атырау

облысы бойынша баспасөз қызметі,

қалалық «Әт-Тақуа» мешіті

Жоғарыға