Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жазғы сауат ашу курсының шәкірттеріне арналған шара

26-маусым күні қасиетті Ораза Айт мейрамына орай жазғы сауат ашу курсының шәкірттеріне (қыздар тобы) арналған «Қош бол, Рамазан» атты мерекелік шара болып өтті. Шараны мешіт ұстазы, наиб имам Артық Жұмабекұлы ашып, Ислам сынды имандылыққа бастайтын хақ жолының қасиетін ұғынатын жастардың көбеюі ел ертеңі үшін теңдессіз бақыт екенін айтты. Сондай-ақ,  уыздай жас қыз балаларды алда тұрған өз өмірлерінің кеңістігін хайырлы біліммен толтыруға шақырып, өзінің ағалық кеңестерімен бөлісті.

Шара барысында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының мүшесі, мешіт ұстазы  Бибінұр Урбисинова иман шарттары, бес парыз, Рамазан айынан кейін келіп жеткен Айт мейрамының қадір-қасиеттеріне арналған викториналық сұрақтар қойып, шәкірттердің бір айлық білімдерін сынға салды. Мешітте іс-тәжірибеден өтіп жүрген Шаттық Серікқызы өз өнерлерін ортаға салған шәкірттерге сөзжұмбақ шешкізіп, шара қызығын арттыра түсті.

Шара соңында курс шәкірттеріне Құран кітабы мен хакім Абайдың «Қара сөздері» атты еңбегі сыйға тартылды.

 

«Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі

Жоғарыға