Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Иманғали» мешіті болашақ қажылар үшін дастархан жайды

Жылдың басты жаңалығы сол, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан тұңғыш рет «Тауаф» қажылық фирмасы құрылды. Аталмыш фирма арқылы биыл он төрт атыраулық қасиетті сапарға аттанғалы отыр.

 

Күні кеше Атырау облысының «Иманғали» орталық мешіті болашақ қажылар үшін «бата беру» дастарханын жайды. Жамағаттың, зиялы қауым өкілдерінің, қажылардың, журналистердің басын біріктіріп, барлығы 75 адам қатысқан жиында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қасиетті сапарды кімнің және қандай жағдайда орындай алатынын айтып өтті. «Шариғат талаптары бойынша, кәмелет жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулық жағдайы жақсы, өзгеге қарызы жоқ дәулеті жетерлік мұсылман ғана қажылық парызын өтей алады. Ислам дініндегі ұлық ғибадат­ – Алланың қалауымен нәсіп болатын нығмет» деген Батыржан қажы Берденұлы жиналғандарға еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жолдады. Сондай ақ, қажылық ғибадатының дұрыс орындалу шарттары туралы баяндап, құлшылыққа қатысты ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Одан әрі «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев қажылық сапарының шарттарымен таныстырды. Атырау қалалық «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов қасиетті Қағба мен қажылықтың тарихы туралы тереңінен әңгімеледі. Белгілі теолог Серікжан Еншібайұлы қажылық ғибадатының хикметі, сауабы туралы айтты.

Атап өту керек, 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі болашақ қажылар үшін семинар ұйымдастырды. Бірнеше күнге созылған семинар барысында, қажылықтың мән-маңызы, сапар кезінде орындалатын рәсімдер, Ихрам халіндегі жағдай, әр мұсылман ұстануы тиіс шарттар мен тыйымдар туралы кеңінен түсінік берілді. Сонымен бірге, семинарға қатысушылар «Арафа мен Мұздалифа жазығындағы амалдар», «Минадағы рәсімдер», «Тәшриқ күндері», «Ихрамнан шығу», «Әйелдерге қатысты үкімдер» тақырыптары туралы да кеңінен ақпарат алды. Ұлық сапарға жұбайымен бірге тұңғыш рет аттанғалы отырған мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ғарибжан Әбішев қажылық қарсаңында семинар ұйымдастырған орталық мешітке разы екендігін айтады. «Семинар аясында құлшылық рәсімдері туралы көптеген мәліметтерге, пайдалы кеңестерге қанықтық. Көкейдегі сауалдарға ұстаздар қауымынан толыққанды жауап алдық» дейді еңбек ардагері.   

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Жоғарыға