Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров қасапшылармен кездесті

Бүгін Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров орталық «Иманғали» мешітінде қасапшылармен кездесті. Қасиетті Құрбан айт қарсаңындағы кездесуде Батыржан қажы Берденұлы құрбан малын сою талаптары туралы әңгімеледі.

Мәселен, құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады. «Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін, пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіз амал. Ал, қинамай сою – сүннет. Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, жануар «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деген сөздерден кейін бауыздалады» деп атап өтті бас имам.

 Батыржан қажы Берденұлының айтуынша, абзалы, құрбан малды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Ондайда иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап, яғни сауап амал болып табылады.

Айта кеткен жөн, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы шарт.

 

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға