Құрбан айт қарсаңындағы кездесу
Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Атырау қалалық Құспан молла мешіті әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін «Берекет» мейрамханасында дастархан жайды.
Көп балалы, жалғызбасты аналар, мүгедек жандардың отбасылары қамтылған қайырымдылық шарасына қырық бала, отыз ата-ана қатысты. Балалар үшін ойын алаңында аниматорлар, сайқымазақтар өнер қөрсетті. Құрбан айт мерекесінің құрметіне балдырғандарға сыйлықтар да табыс етілді. Ал, ата-аналарға азық-түлік пакеттері тапсырылды.
Шараға арнайы қатысқан Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, облыстың бас имамы Батыржан Мансұров балалармен сұхбат құрды. «Құрбан айт дегеніміз не? Үлкендер бір-бірін неге құттықтайды? Құрбандыққа мал неге шалынады?» деген сынды бас имам тарапынан қойылған сұрақтарға балалар жауап беріп жатты.
Үш баланың анасы Айнұр Төлеуова «Иманғали» орталық мешітіне, қалалық Құспан молла мешіті ұжымдарына қамқорлығы үшін разылығын білдірді. Шара соңында эстрада әншісі Бейбіт Көшқалиев келіп, балаларға «тосын сый» жасады. Сондай-ақ шарада «иләһи» әндер айтылды.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз-қызметі.