Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мұқтаж жандар үшін қайырымдылық дастарханы жайылды

Қазан қамқорлық айын «Иманғали» орталық мешіті игі шаралармен жалғастыруда. Бүгін облыс орталығындағы «Алтын қазына» мейрамханасында әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, мүгедек жандар және Саңырау-сақаулар қоғамының жергілікті өкілдігінің мүшелерінің құрметіне қайырымдылық дастарханы жайылды.

          Қайырымдылық шарасына арнайы қатысқан Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров ислам дінінің негізгі канондары, адами қасиеттер, адамгершіліктің маңызы туралы сөз қозғады. «Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Біздің халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Қашанда имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Жиған – терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы ислам негізінде бірігеді» деген бас имам Батыржан қажы Берденұлы қайырымдылық, ізгілік туралы уағыздар айтты.

Қайырымдылық шараны «Иманғали» орталық мешітімен бірге, жергілікті тұрғын, мешіт жамағаты Әли Қадырұлының да айрықша үлес қосқанын атап өткен жөн. Ізгі шара жүзге жуық мұқтаж жанның басын біріктірді.

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз-қызметі.


Жоғарыға