Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы Атыраудың орталық мешітінде көрші ақысы туралы уағыз айтты

Атырауға жұмыс сапары аясында Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы «Иманғали» орталық мешітінің жамағатымен бірге жұма намазына қатысты.

Құлшылық рәсімінен кейін, ұстаз Сансызбай Құрбанұлы көрші ақысы тақырыбында уағыз айтты. «Қазақ халқы ықылым заманнан көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, қоңсылықты ерекше қадірлеген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі, жәрдем беруге бірінші болып жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Асылында, көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл туралы қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады. Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі, ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар». Міне, осы аятта айтылғандай, әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге, көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады» деп атап өтті ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.

Қалай десек те, көршінің ақысы, көршіге қайырлық жасау – асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида. Уағыздың түйіні осыған саяды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.   

Жоғарыға