Атырауда белгілі дінтанушы Смайыл Сейітбек уағыз-насихат айтты
Сәрсенбі күні орталық «Иманғали» мешітінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілі Смайыл Сейітбек бесін намазынан кейін уағыз-насихат айтты.
Уағыз тақырыбы – адамзаттың асылы, екі дүние сардары пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) және оның өміріне арналды. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен өнеге боларлық қасиеттерін білу, өмірде қолдану маңызды мәселе болмақ. Бұл жолы пайғамбардың (с.ғ.с.) көршілерімен, басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасы жайында сөз қозғамақпыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолы, сүннеті, жоғарыда айтқанымыздай, тек кейбір элементтерге, сыртқы сипатқа ғана бағытталмаған. Мысалы Хз. Омардың бір қойды сойып, жұбайынан: «Мұның етінен еврей көршіге бердің бе?» деп сұрағанда, жұбайы: «жоқ!» деп жауап береді. Сол кезде Хз. Омар: «Алла елшісінің: «Жәбрейіл маған көрші туралы жиі ескерткені соншалық, мен көршіні мұрагер ете ме деп ойладым»» дегенін жеткізеді.(Бұхари, Әдеп, 28; Мүслим, Бирр, 140, 141) Демек, исламның жалпы адамға деген көзқарасының, қандай діннің өкілі болмасын адам болғаны үшін құрметке лайық екендігінің үлгісін пайғамбардан артық ешкім көрсете алмаса керек» деп атап өтті ол.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
