Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жамағат үшін «жұма шайы» ұйымдастырылды

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте кеше Құптан намазынан кейін «жұма шайы» ұйымдастырылды. Онда жақсылық жасау, ізгілік тақырыбы көтерілді.

Көркем мінез, адамгершілік, адам мен адамды жақындататын ізгі амандар жөнінде тағылымды ой айтқан аталмыш мешіттің бас имамы Артық Жұмабекұлы жамағатты нендей жақсылықты да «мен жасадым» деп дандайсып, өз-өзіне сүйсінбеуге шақырды. «Әбу Зу-Жимһир «Алладан қорықпаған адам: тілін тыймайды, жүрегі харам күдіктен арылмайды, өзін риядан құтқармайды және өзіне-өзі тамсанумен болады» деген екен. Ақиқатында, қай амалымыздың Алла алдында қабыл етіліп, қай амалымыздың зая кетуде екені бізге беймәлім. Ең кішкентай амалдың өзі ниетіміз арқылы үлкейтілуі мүмкін. Немесе біз үлкен санаған амалымыздың Алла құзырында қауырсын құрлы салмағы да болмауы мүмкін. Шын мәнінде, жақсылық жасау сізге нәсіп болып жатса, ондай мүмкіндікті тарту еткен Аллаға мадақ айтып, шүкірді арттырғаныңыз ‒ абыройлы іс. Өйткені, себептерді де жасайтын, жағдайды да туғызатын  ‒ Алла» деп атап өтті.

Алпысқа жуық жамағат қатысқан отырыста, түрлі ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Айта кетелік, «жұма шайы», жамағат үшін «айлық дастархан» ұйымдастыру үрдістерін жандандыру мәселесін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров қашанда басты назарда ұстап келеді. 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.


Жоғарыға