Мұқтаж жандарға азық-түлік таратылды
Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаровтың бастамасымен бүгінде, құлшылық үйі қайырымдылық шараларды тұрақты ұйымдастыруды жолға қойып отыр.
Жақында аталған мешіт әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы он жеті отбасына азық-түлік пакетін табыстады. Астық, күріш сынды әлеуметтік маңызы бар тағам түрлерімен толтырылған себеттерді мұқтаж жандар ырза көңілмен қабыл алды.
«Егер, әр адам қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығы жолында бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беретін болса, бұл ең абзал іс болып табылады. Әдетте, шариғатта сауабы мол іс қатарында мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу айтылады. Сондықтан, қарызы көптің қарызын өтеп беруге, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға материалдық көмек көрсетуге ықтиятты болғанымыз абзал» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.