«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай «Зинеден ата» мешітінде «дөңгелек үстел» болып өтті
Исатай ауданына қарасты «Зинеден ата» мешітінде ҚМДБ-ның НЖҚБ бөлімі "Әйел-қыздар" секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі Жукенова Зарина ұстаздың бастамасымен әйел жамағаты арасында «дөңгелек үстел» шарасы болып өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада мешіттің әйел ұстазы Ханифа Есекеева баяндама жасап, ой-пікірлерімен бөлісті.
«Мақаланың негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтай отырып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басу болып табылады. Сондай ақ, мақалада ұлттық құндылықтарымыз, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы орынды баяндалған. Бұл еңбек мейлінше терең, күрделі әрі кемелдігімен ерекшеленеді» деген ұстаз Ханифа Есекеева жаһандану дәуірінде білім алудың маңызы зор екендігін айтып өтті.
Ұстаз Ханифа Есекееваның пікірінше, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білу маңызды. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Қазіргі таңда білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды салаға енгізуде келелі жұмыстар атқарылуда» деп атап өткен ұстаз «Зинеден ата» мешіті жанындағы сауат ашу курсының жұмыстарына да тоқталып өтті.
Қазіргі таңда аталмыш мешіт шәкірттері «Фиқһ», «Ақида», «Құран» және «Араб тілі» мен «Тәджуид» пәндерінен білім алуда. Және бір ерекшелік – шәкірттер арасында көңілді, бой сергітер спорттық ойындар мен түрлі зияткерлік жарыстар да ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар мешіт шәкірттері қайырымдылық шараларына белсенді қатысуда.
Түрлі пікірлер сарапқа салынған мәжілісте ұстаз әйел жамағаты тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап берді.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
