Нәзік жандылар спорттық ойында бақ сынасты
«Жаны саудың – тәні сау». Осындай атаумен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қыз-келіншектер арасында спорттық шара болып өтті.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен сайыс алдымен Алланың нығметтері туралы уағызбен басталды. Кейін қатысушылар эстафета, волейбол ойындары бойынша өзара бақ сынасты.
Басты ерекшелік сол, спорттық сайыс қыз-келіншектер мектебі арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. «Шәкірттеріміз тарапынан қолдау тапқан спорттық шараларды енді ай сайын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазақта «Тәні саудың – жаны сау» деген керемет мақал бар. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір сүру салтын насихаттау арқылы, спортқа бейімі бар қыз-келіншектерімізге қолдау көрсету болып табылады» дейді сектордың жауапты ұстазы Зарина Жукенова.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.