«Алғыс айту» күніне орай дөңгелек үстел өтті
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен, «Алғыс айту» күніне орай, орталық «Иманғали» мешітінде дөңгелек үстел өтті.
Жастармен арада өткен шарада мешіттің наиб имамы Мұрат Мұстафаев адамгершілік, ізгілік, үлкенді сыйлау тақырыбында уағыз айтты. «Ислам діні жасы үлкен кісілерді сыйлауды, тіпті ол кісінің біздің жасымыздан бір күн үлкен болса да оны құрметтеуді өсиет етеді. Сол сияқты кішігі де ізет етуге шақырады. Үлкенді құрметтеу - ислам дінінің негізі болып табылады. Бұған байланысты Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) өмірінен көптеген жарқын мысалдарды көруге болады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын): «Кімде-кім үлкендерді жасына қарап, оларды сыйласа, онда Алла Тағала ол кісіні қартайған кезде, оған қызмет ететін адамдарды нәсіп етеді» деп, кейінгі буынға үлкенді құрметтеуді өсиет еткен» деп атап өтті ұстаз.
Одан әрі шара сұрақ-жауап форматында жалғасты. Соңынан қатысушыларға «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітап сыйға тартылды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз - қызметі.