«Әйел – отбасының тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Орталық «Иманғали» мешіті жанынан Аналар кеңесінің құрылуына орай, Атырау облысының бас мешітінде ислам және отбасы тақырыбы аясында «Әйел – отбасының тірегі» атты дөңгелек үстел шарасы өтті.
Орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Атырау облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жанындағы Әжелер мектебі ұйымдастырған шарада негізінен әйел жамағат бас қосты.
«Қазақта жақсы бала тәрбиелеп - өсірген әйелді «алтын құрсақты ана» деп айту қалыптасқан. Бұл – текке айтылмайтын теңеу. Жаны жақсы, ділі иманды әйелдің құрсағындағы бала да жақсылықтан нәр алып жатады. «Алтын құрсақта» жатып жетілген баланың өмірге келген соң ананың ақ сүтімен бойына дарыған, тәрбиесімен сүйекке сіңген жақсы қасиеттер өмірінің мәніне айналады» деген Бас имам Батыржан қажы Берденұлы ұрпақ жалғастығындағы аналардың роліне тоқталып, жиналғандардың сауалдарына жауап берді. Шара аясында адвокат ханым Айсұлу Қайырқызы, Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Насиқызы тақырыпқа байланысты баяндамалар жасады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз - қызметі.