Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте екі жүз жасты қамтыған айлық отырыс өтті
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте кеше дәстүрлі айлық отырыс болып өтті. Шараның ерекшелігі сол, екі жүзге жуық адам қатысқан айлық отырыс бұл жолы мешіттің жастар жамағатына арналды.
Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан құлшылық үйіндегі шараны аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы ашып, айлық отырыстың мақсатын түсіндірді. Одан әрі шарада Орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы, әрі жастар секторымен жұмысқа жауапты өкіл Мұрат Мұстафаев діни іліммен бірге, дүниелік білім алудың маңызы, жас кезде жасаған амалдың қайыры туралы кеңінен уағыз айтты.
Және бір айта кетерлігі, бұған дейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте жас жамағат арасында кітап жарысы ұйымдастырылып, кейін жастардан алған білім бойынша емтихан алынған болатын. Кітап жарысы емтиханына сол кезде жеті шәкірт қатысып, бақ сынаған еді. Жарыс қорытындысымен кеше жастар марапатталды. Бірінші орынға 30 мың теңге, екінші орынға 20 мың теңге, үшінші орынға 10 мың теңге тапсырылды. Ал, қалған төрт шәкіртке Имам Ғазалидың еңбегі тарту етілді. Кітап жарыстың екінші кезеңінде Исмаил Сейітбектің «Иман негіздері. Ақида» еңбегін оқу тапсырылды. Бұл жарысқа Атырауға қарасты барлық мешіттердің жастар жамағаты қатыса алады. Кітапты оқуға бір ай уақыт берілді. Межелі уақыт өткен соң жастар білімдерін өзара сарапқа салып, ұстаздардың алдында емтихан тапсыратын болады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.