Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысы әкімімен кездесті
Бүгін Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ресми іс-сапармен келді. Сапар аясында Бас мүфти бастаған делегацияны облыс əкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады.
Кездесу барысында қос тарап Атыраудағы қазіргі діни ахуал мәселесін талқылады. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев деструктивті діни ағым өкілдері арасында түсіндіру, ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
Бас мүфти бүгінгі таңда Атырауда мүфтияттың білімді теологтары мен тəжірибелі имамдары қызмет етіп жатқанын атап өтті. «Облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Phd докторы, Ғұламалар кеңесінің белді мүшесі, діни салада тәжірибесі мол білікті маман. Қала, аудандарды білімді имамдармен қамтамасыз етіп келеміз. Мешіт пен имамдарымызға қажетті қолдау көрсетіп отырған Сізге, əкімдік ұжымына айрықша алғысымды білдіремін», - деді Серікбай қажы Ораз.
Ресми кездесуде жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, халыққа дін мен дəстүр сабақтастығын дәріптеу, отбасы құндылығын насихаттау тақырыптарында сұхбат өрбіді. Басқосу қорытындысында қос тарап діни ағарту саласында ынтымақтастықта жұмыс істеуге уағдаласты.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
