Құспан молла мешітінің жастар жамағаты футбол алаңында бақ сынады
«Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында Атырау қалалық Құспан молла мешіті жастар жамағаты арасында бүгін аяқ доптан жарыс өткізді» деп хабарлайды аталған мешіттің бірінші наиб имамы Назарбай Абдураманов.
Атырау қаласына қарасты Геолог елдімекенінде орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен спорттық жарыста жастар жамағаты төрт командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Әр командада алты адамнан бақ сынасқан жолдастық кездесуге барлығы жиырма төрт жас қатысты.
Және бір ерекшелігі, спорттық бәсекеге 7 жас пен 25 жас аралығындағы шәкірттер белсене қатысты. «Құспан молла мешіті мұндай спорттық жарыстарды енді дәстүрлі түрде өткізіп отыратын болады. Біздің мақсатымыз – жамағат арасындағы бірлікті нығайту. Мұсылман мен мұсылманның арасындағы бауырмалдық қасиетті арттыру. Және салауатты өмір салтын насихаттау арқылы, жастар арасында бұқаралық спорттың дамуына ықпал ету» дейді Құспан молла мешітінің бірінші наиб имамы Назарбай Абдураманов.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.