Отбасы туралы өзекті мәселелер талқыланды
«Неке және отбасы». Атырау қалалық Құспан молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров әйелдер жамағаты арасында осы тақырып бойынша уағыз-насихат айтты.
Бас имамның айтуынша, некенің дұрыс болу шарттары бірнеше талаптардан тұрады. «Біріншіден, некелесуге рұқсат етілген жандар. Яғни, үйленуге рұқсат етілмейтін туыс, біреудің әйелі немесе апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу сияқты жағдайлар орын алмауы керек. Екіншіден, ақ неке өмірлік мақсатқа құрылуы тиіс. Уақытша немесе шартты түрде үйленуге болмайды. Үшіншіден, неке міндетті түрде куәгерлердің алдында қиылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды» деген. Төртіншіден, неке зорлықсыз, яғни, екі жақты разылықпен қиылады» деген Құспан молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров отбасындағы татулық пен берекені сақтау, бала тәрбиесі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі туралы кеңінен түсінік берді.
Некенің маңыздылығы, шаңырақты берік ұстаудың мәні туралы сөз болған шарада жамағат түрлі сұрақтарына жауап алды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.