«Мәулімберген» мешіті кеңейтіліп жатыр
Атырау қаласына қарасты Алғабас ауылында орналасқан «Мәулімберген» мешітін кеңейту жұмыстары қолға алынуда.
Қасиетті Рамазан қарсаңында басталған игі іске «Мәулімберген» мешітінің Бас имамы Mақсот Бағытжанов бастамашы болып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Қайырлы іске мешіт жамағаты кеңінен қолдау білдіріп отыр.
«Асылында, өмірге келген әр пенде сауапты іске, ізгі амалға асық болуы керек. Оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр. Имам Мүслимнен келген хадисте мынадай бір жолдар бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері» дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келетін, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы. Сондықтан, мешіт ғимаратының кеңейтілуі заман талабынан туған қажеттілік болып отыр» дейді «Мәулімберген» мешітінің Бас имамы Mақсот Бағытжанов.