Дін мамандары жастармен жүздесті
Атырау қаласына қарасты Геолог поселкесінде дін мамандарымен кездесу өтті.
Жергілікті Қаныш Сәтпаев атындағы мектепте өткен кездесуге "Шапағат" деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы мамандарымен бірге, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы арнайы қатысып, жастармен жүздесті.
Кездесу барысында жат ағымдардың сипаттамасы, Әбу - Ханифа мәзһабының ерекшелігі, дәстүрлі ислам, қазақ даласындағы діни мектепті жаңғырту мәселелері көтерілді. "Қазақ даласында кезінде Науан хазірет, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды рухани лидерлеріміз өткен. Олар ислам дінін халық арасында насихаттау жолында үлкен еңбек сіңірген. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазақ даласындағы діни мектепті қайта жаңғырту мәселесін қолға алуының астарында үлкен маңыз жатыр" дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.