Ауызашарда «азаматтық неке» мәселесі талқыланды
Қасиетті Рамазан айының құрметіне еліміздегі барлық мешіттерде ауызашар беру рәсімі жалғасуда. Кеше Атырау қаласының Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте ауызашар дастарханында өзекті тақырып талқыланды.
Бүгінгі таңда қоғам тарапынан алаңдатушылық тудырып отырған тақырып – азаматтық неке мәселесін аталмыш мешіттің наиб имамы Рахматулла Моллақанағатұлы көтерді. «Соңғы кезде қоғамда ер мен әйелдің ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, туған-туыстарына жарияламай ерлі-зайыпты болып бірге тұратын «азаматтық неке» ұғымы пайда болды. Асылында, неке АХАЖ бөлімінде ресми тіркеліп немесе мұсылманша неке қиылмай жақындасу зина ұғымына кіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде зинаға мүлде жоламауды қатаң ескерткен. «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» дейді. Сондықтан, мсылман баласы арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәдан аулақ болуы тиіс» деді наиб имам Рахматулла Моллақанағатұлы.
Айта кетелік, биылғы жылды мүфтият «Ислам және отбасы» жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты, әр айда жамағатқа неке тақырыбында уағыз айтылады.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.