Бес парыздың бірі-зекет!
25.05.2018 күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы Мансұров "Бес парыздың бірі-зекет" тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Зекет бұл – мал-дүниемен жасалатын ғибадат. Адам баласына осы дүниедегі байлық, кедейлік, жоқшылық, ауру-сырқат және көптеген т.б кеңшілік пен ауыртпалықтар бұл Алла Тағаланың берген сынағы деп білуіміз қажет. Егер бізге Алла Тағала байлық берсе, Жаратушы иеміз бізді жақсы көреді деп немесе жоқшылық жағадайда Аллаға мойын ұсынбауы пендешілік. Қандай жағадайда болмасын осы дүниедегі қуаныш пен қиыншылыққа сабыр етіп, Аллаға иман келтіруіміз мұсылман адамның міндеті. Зекет – тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат – деп білуіміз қажет. Зекет төлеудің пайдалары: 1. Зекет беру дүние – мүлкіңізге берекет беріп, арттырады. 2. Күнәларды кешіруге мүмкіндік беріп, Алла Тағалаға жақындатады. 3. Сараңдық, дүниеқұмарлық, өзімшілдік сияқты жаман қылықтардан алыстатып, жомарттық пен кеңпейілдікке тәрбиелейді. 4. Зекет пәле –жаладан, ауру – сырқаттан сақтайды. 5. Зекет қоғам ішінде адамдардың әлеуметтік жағдайларының жақсы болуына жағдай жасайды. 6. Зекет –қоғамдағы ұрлық – қарлық, алдау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты қылмыстардың болмауына бөгет жасайды. 7. Зекет бай мен кедей арасын жақындатып, бір – біріне деген өшпенділікті жояды. Жалпы адамдар арасын жақындатып, алауыздықты кетіреді деп жұмаға жиналған жамағатқа зекетті кеңінен түсіндірді.