Жұлдыз мешітінде бір мезгілде 200 адамға ауызашар берілуде
Күллі әлемді ізгілікке үндейтін қасиетті Рамазан айының құрметіне еліміздегі, сонымен бірге, Атырау облысындағы барлық мешіттерде жамағатқа күнделікті ауызашар берілуде.
Атырау қаласы Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте де ауызашар дастарханы күнделікті үзіліссіз берілуде. «Мешіт жамағатының және демеушілердің бірлесуімен, ауызашар дастарханы күнделікті 200 адамға берілуде. Оның ішінде 180-ге жуық ер кісіге және 20-ға жуық әйел кісіге дастархан мәзірі арнайы жайылуда» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Хадис шәрифте: «Рамазанда бір қонаққа ауызашар берген адамға Сырат көпірін өту оңай қылынады» делінген. Асылында, ораза тұтқан мұсылманға бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап бұған да беріледі» дегенде, сахабалардың кейбірлері бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндіктері жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады» деді. Ендеше, қасиетті айда ауызашармен бірге, мұқтаж бауырларымызға да көмек қолын созып, сауапты амалдар жасауға асыққанымыз абзал» дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.