Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте әйел жамағатымен жүздесу өтті
Атырау қаласы Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің наиб имамы Ақылбек Құрманғалиев әйел жамағатына уағыз-насихат айтты.
Рамазан айының рақымдылығы, кешірімшіл болудың мәні, ата-ананы құрметтеу тақырыбы сөз болған кездесудің рухани тұрғыдағы құндылығы ерекше болды. «Ата – ана әр баланың өміріндегі ең маңызды, қадірлі адам. Себебі, олар Алланың қалауымен өмірге ұрпақ әкелді, тәрбиелеп, өсірді. Және бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек, ата-анаға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да, Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» деп, қасиетті Құран - Кәрім аяттарынан үзінді келтірген ұстаз Ақылбек Құрманғалиев Рамазан айының тәрбиелік мәніне тоқталды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
