Құспан молла мешіті репрессия құрбандарының ұрпақтарына құрмет көрсетті
31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Атырау қалалық Құспан молла мешіті кеше репрессия құрбандарының ұрпақтарын арнайылап ауызашарға шақырды.
Шараға қатысқан репрессия құрбандары ұрпақтарының арасында Машрих Олжабайұлы да бар. Көпті көрген ақсақал кезінде атасы Құлжанның атылып кеткенін айтады. Қаралы оқиға кер заман аталып кеткен сонау 1920 жылдары Маңғыстау жерінде орын алған. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің басын қосқан ауызашар кезінде марқұм болғандардың рухына Құран бағышталып, бата жасалды.
Ауызашар рәсімі кезінде Құспан молла мешітінің Бас имамы Эммат Ғұмаров тақырыпқа байланысты тарихи деректермен бөлісті. «1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталып, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштан қырылған» деген Бас имам Эммат Ғұмаров сол кездердегі тарихи ащы шындық бүгінгі ұрпаққа сабақ болуы керектігіне тоқталды.
Орталық «Иманғали» мешітінің - баспасөз қызметі.