Геноцид құрбандарын еске алды.
31 мамыр - саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу датасына орай, Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітінде ауызашар берілді.
Шара кезінде аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында, әр азамат өзіндік үлесін қосуы тиіс екендігі жөнінде уағыз-насихат айтты. "Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы өзінің ұлт, ел ретінде қалыптасуы жолында талай қасіретті кезеңдерді бастан өткерді. Жұт, жиырмасыншы жылдардан басталған ашаршылық, ұлт зиялыларын қынадай қырған репрессия - мұның барлығы тарих беттерінде нәубет кезең ретінде қалды. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында күресіп өтті. Бүгінгі тәуелсіздігіміз сан ғасырлық арман мен күрестің нәтижесі" деп атап өтті ауызашар дастарханы кезінде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.
