"Кішіпейілділік - ұлы адамның белгісі"
Қасиетті Рамазан айында Атырау өңіріндегі мешіттерде дәрістер, уағыздар жалғасуда. Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте кезекті Тарауих намазы арасындағы үзілісте аталмыш мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы "Кішіпейілділік - ұлы адамның белгісі" тақырыбында уағыз айтты.
"Ислам тарихында мынадай оқиға бар: Ертеде Әл-Мусиб есімді Аллаға көп құлшылық ететін кісі болған. Ол кештердің бірінде ұлын ертіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) мешітіне барады. Бұл уақытта мешітте Омар ибн Абдулғазиз (патша) дауыстап намаз оқып тұрған еді. Оның дауысы көркем болатын. Мешіттің іші біраз қараңғы болғандықтан, намазды дауыстап оқып тұрғанын кім екенін білмеген Әл-Мусиб ұлына қарап:
– Барып, анау намаз оқып тұрған адамға: «Құранды ақырын оқысын» – деп айт, – дейді. Ұлы оған:
– Әке, мешіт біздің меншігіміз емес қой. Оның да ақысы бар емес пе – деп жауап береді. Сонда әл-Мусиб өзі дауыстап:
– Ей, намаз оқушы! Егер намазыңды Аллаға арнап оқысаң, ақырын оқы. Ал егер адамдарға арнап тұрсаң, онда олар сенің еш нәрсеңе мұқтаж емес! – дейді.
Омар ибн Абдулғазиз дауысын бәсеңдетіп, намазын тәмамдаған соң, ақырын кебісін алып, үнсіз шығып кетеді. Ол кісі бұл уақытта мүміндердің әмірі болатын" деген Бас имам Ардақ Жұмабекұлы ғибратты әңгімеден үлкен түйін түюге болатынын атап өтті. "Ең алдымен, кішіпейілділік мұсылманға жарасады. Екіншіден, Алланың құзырында барлық адам тең. Үшіншіден, мешітте құлшылық жасаған уақытта басқаларға бөгет жасамау. Төртіншіден, дәл сол сияқты мешітті өзіне ғана тән деп санамау, яғни бұл жерде көпшілік құлшылық жасайды. Сондықтан басқалардың намаз оқуына немесе Құран оқуына тыйым салмау. Және бір маңызды тұсы - басшының мінезі көпке үлгі болуы тиіс" деп атап өтті Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы уағыз кезінде.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.