Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жазғы сауат ашу курсы жұмысын бастады.

Атырау қалалық Құспан молла мешітінде «Имани жаз – 2018» ислам-діни жазғы сауат ашу курсы басталды. Қасиетті Рамазан айында іске қосылған ізгі жобаның мақсаты – мектеп жасындағы балаларға имандылық, отансүйгіштік бағытта тәлім-тәрбие беру, жат ағымдардан сақтандырудың алғышартын қалыптастыру.

 

Курста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізге алынады. «Ең бастысы, шәкірттерге діннің негіздері нақты сипатта, ұғынықты тілде түсіндіріліп, ғибратты әңгімелер, ата-бабаларымыздан қалған даналық сөздер, ғалымдарымыздың еңбектері де назарға алынады. 4 маусым мен 30 маусым аралығында өтетін сауат ашу курсы кезінде күніне үш сағаттық дәріс беріледі» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бірінші наиб имамы Назарбай Абдураманов.

 

Дәріс үш пән бойынша жүреді. Яғни, шәкірттер «Құран әліппесі», «Имандылық әліппесі» және «Әдеп» негіздері бойынша білім алады. Сауат ашу курсын нәтижелі жүргізу мақсатында, курс аясында «Менің сүйікті мешітім» тақырыбында сурет сайысы, тоғызқұмалақ, шекемтас (бес асық), шахмат-дойбы түрлері бойынша ұлттық ойындар жарысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 

Айта кетелік, жазғы сауат ашу курсына 5 – 12 жас аралығындағы балалар қабылданады. Шәкірттерге білікті ұстаздар сабақ береді.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.



Жоғарыға