Жалпыхалықтық мереке
Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Ораза айт шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде, Жылыой ауданында жоғары деңгейде аталып өткен Ораза айт мерекесін келтіруге болады.
Таң қылаң берісімен құлшылық ордаларына қарай ағылған халықтың қарасы жылдан-жылға артып келеді. Айт намазына Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Дархан Ғұмаров қатысып, жиылған жамағатты мұсылмандардың мейрамы Ораза айт мерекесімен құттықтады. Құлсары қаласындағы алып құлшылық ордасы – «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітіне келген жамағат санында шек болмады.
«Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің Бас имамы Арман Исаев жамағатқа Айт намазының оқылу үлгісін үйретіп, келген халықты мерекемен құттықтап, Айт намазын жүргізді. Айт намазының соң
жамағат мешіт асханасында жайылған айттық дастарханда бас қосты.
Мерекелік шара қазақша күрес, қой көтеру, ләңгі тебу, арқан тарту, гір тасын көтеру және қол күрес сынды ұлттық спорттық ойындарға ұласып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді. Бүлдіршіндер үшін ойын алаңдары құрылып, мереке құрметіне балмұздақтар, тәттілер таратылды.
Жылыой аудандық орталық мешітінің баспасөз – қызметі.