Бас имам жастармен жүздесті
Атырау облысының Бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан қажы Берденұлы жергілікті жас буын өкілдерінен құралған «Иман жастары» ұйымының мүшелерімен кездесті.
Жүздесу кезінде ислам өркениеті, білім мен ғылымның ислам дініндегі ролі мәселесі сөз болды. Және де Бас имам жастармен кеңесе отырып, ұйымның алдағы жұмыс жоспарларына да бағыт-бағдар берді.
«Дін мен ғылым секілді екі үлкен тақырыпты қаузамас бұрын «Ислам қандай дін?» деген сұраққа жауап іздесек, исламның адамның екі дүниесін де бірдей қамтитын хақ дін екендігіне көз жеткіземіз. Дінімізде құлшылық, мәдениет, білім-ғылым, құқық, саясат, жанұя, экономика да қамтылған. Ислам өз алдына үлкен мәдениет. Адамзаттың өмір сүру конституциясы. Қасиетті Құранның «Оқы!» деген әмірімен басталуы да көп нәрсені байқатады» деген Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров исламның негізгі іргетасы – оқу-ағарту болып табылатындығын атап өтті.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.