Құрбан айт құрметіне жамағатқа арнап ас берілді
Құрбан айт мерекесін Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт жамағаты жоғары дәрежеде атап өтуде.
Дәстүрлі түрде оқылған айт намазынан соң, жұртшылық бұқаралық мәдени шаралардың куәсі болды. Геолог әкімдігімен бірлескен мерекелік шара аясында төрт киіз үй тігіліп, бүлдіршіндер үшін ойын алаңдары, батуттар құрылды.
Жергілікті жамағат қол күрес, қазақ күресі бойынша ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті. Балаларға тегін балмұздақ таратылды.
Ал, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте құрбан малынан ас беріліп, жамағат үшін түрлі рухани тақырыптарда уағыз-насихат айтылуда.
Мерекелік шара ертең де жалғасын табады. Жастар жамағаты арасында түрлі спорттық сайыстардан бәсеке ұйымдастырылады деп күтілуде.
"Біздің мақсатымыз жамағат арасында бірлікті, ынтымақты нығайту. Мереке аясында мұқтаж жандарға қолдау білдіріп, қоғам назарын бауырмалдық, ізгілік сынды қасиеттерге де аударғымыз келеді. Құрбан айт үш күн қатарынан ерекше жағдайда атап өтілетін болады" дейді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.