Екі жүз балаға оқу құралдары таратылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен, бүгін екі жүзге жуық балаға оқу құралдары табыс етілді.
Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында өткен шара кезінде бүлдіршіндерге сөмке толы оқу құралдарымен бірге, Құрбан айт құрметіне тәттілерден дайындалған пакеттер де таратылды. Негізінен аз қамтылған, көп балалы, яғни, әлеуметтік жағдайы қолдауды қажет ететін отбасы балаларын қамтыған акция кезінде мектеп оқушыларына сыйлықты Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Берденұлының өзі арнайы тапсырды.
«Халқымызда «Берсең, балаға бер» деген тамаша тәмсіл бар. Бала – еліміздің болашағы. Олар сәби кезінен ізгілікті, жанашырлық, қамқорлықты сезініп өсуі тиіс. Және ислам дінінде балаларға мейірім таныту, махаббатын арнау –сәбидің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, тәрбиесіне, ықпал ететіндігі ерекше айтылады» дейді өкіл имам Батыржан Мансұров.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.