Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қырғыз президентімен кездесті
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінің, Балтық елдері және Қытай мемлекетінің мүфтилерімен кездесті. Олардың арасында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз да бар. АКИpress сайтының хабарлауынша, дінбасылар "Рухани Жібек жолы" халықаралық конференциясына қатысу үшін арнайы жиналған болатын.
Кездесу барысында Қырғыз елінің басшысы Сооронбай Жээнбеков халықаралық конференцияға рухани лидерлердің, білікті ғалымдар мен сарапшылардың қатысуының маңыздылығын атап өтті. "Себебі, бұл тұлғалар діни ұйымдармен бірге, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге үлес қосады. Дін ұстанушы азаматтар арасында радикалдық идеяларды болдырмау, елдер мен халықтарды бір-біріне жақындастыру жолында да ортақ алаңдардың маңызы ерекше" деп атап өтті Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков.
Мүфтилер өз арасында рухани алаңның маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті. Және де келесі жолы "Рухани Жібек Жолы" халықаралық конференциясының келер 2019 жылы Қазақстанда өтетіндігі жарияланды.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.