Тағылымды кездесу
Орталық "Иманғали" мешітінде ұстаз Еламан Бегалиев жастармен кездесті.
Жастар жамағатымен кездесу кезінде ұстаз Еламан Бегалиев "Алла разылығы үшін жақсы көру" тақырыбында уағыз айтты. Асылында, ислам дініндегі ерекше маңызды құндылықтардың бірі - мұсылман адамдардың бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көруі. Адам жүрегінде жақсы көру сезімі болмаса, онда бірте-бірте жанашырлық, ықылас, кешірімділік, кең пейілділік, жомарттық секілді имани құндылықтар да азая береді.
"Алла Тағала бізді қоршаған барша ғаламды да, адамзатты да теңдессіз шеберлікпен және махаббатпен жаратқан. Ғалымдар барша жаратылыстың бар болуының себебі де, негізі де және оларды бір-бірімен байланыстырып тұрған ең мықты дәнекер де сүйіспеншілік екенін айтқан. Ғаламдағы барша жаратылыстың астарында Алла Тағаланың шеберлігі жатыр. Ендеше, сол теңдессіз жаратылыстарды жақсы көру сезімі біздің Жаратушымызға деген махаббатымыздың деңгейі болмақ. Бірде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз сахабаларының ортасында отырғанда былай деді: «Алланың құлдарының ішінде бір топ бар. Олар пайғамбар да емес, Алла жолында қайтыс болған шәһид те емес. Бірақ қиямет күнінде олардың Алла құзырындағы мәртебесіне пайғамбарлар да, шәһидтер де қызыға қарайтын болады» деді. Сонда пайғамбарлардың өзін қызықтыратын бұл қандай жандар екенін білгісі келген сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, олар кімдер? Қандай ісімен ерекшеленді? Айтыңызшы, біз де оларға деген сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды арттырайық» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар араларында ешқандай туысқандық, сауда-саттық, кәсіптік байланыс болмаса да, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Аллаға ант етейін, олардың жүздері тұнған нұр, әрі өздері нұрдан жасалған мінбердің үстінде тұрады. Адамдар үрейленіп, қорқып тұрғанда оларда ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Басқалар қайғырып тұрғанда олар қайғырмайды»" деген деп атап өтті ұстаз Еламан Бегалиев кездесу кезінде. Жиын соңы сұрақ – жауапқа ұласты.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.