Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Мәулімберген» мешітінде теолог Төлеген Талдыбаевпен кездесу өтті

Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында орналасқан «Мәулімберген» мешітінде теолог Төлеген Талдыбаевпен кездесу өтті.

Ақтөбе  қаласы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Төлеген Талдыбаев кездесу кезінде жамағат бірлігі тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.

«Қазіргі таңда ислам дінінде жамағаттар көп. Бірақ, Алла Елшісінің (с.ғ.с) айтып өткен «Жаннатта болатын бір топ, ол – жамағат» дегені қайсысы? Бәрі де жамағат бола беретін болса, Алла Елшісі (с.ғ.с) «Сендерге жамағатпен бір болу міндетті, бөлінушіліктен сақтаныңдар, расында шайтан жалғыздың жанында болады, ол екеуден алыс тұрады, ал кімде-кім жаннаттың ләззатын сезінгісі келсе, ол жамағатпен болсын» деп ескерткен жамағаты қайда қалды?» деген теолог Төлеген  Талдыбаев жамағат деп бас-басына би болған, арам ниетті, билікті көксеп, мұсылмандардың тыныштығын бұзып жүрген адамдарды емес, керісінше Алла Елшісінің (с.ғ.с) соңынан ергендерді және де солардан қалған мирасты, ақиқатты жалғап келген көпшілікті атайтынын айтты.

Демек, жамағат дегеніміздің өзі – ынтымақ, ақиқатты сақтап келе жатқан көптің бірлігі. «Олай болса, баршамыз сол көпшілікпен болып, бүлікшілерден аулақ тұрайық. Жарылқаушы Иеміз баршамызға сол жәннатқа лайық болатын жамағаттың қатарында болуды нәсіп етсін» деп түйіндеді сұхбатты теолог- маман  Төлеген Талдыбаев.

 

«Мәулімберген» мешітінің баспасөз-қызметі.

 

Жоғарыға