Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Абдулла ибн Масғудтың өнегесі

Мұнайлы өлкеге жұмыс сапары барысында Ақтөбе  қаласы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Төлеген Талдыбаев орталық «Иманғали» мешітінің  жамағатымен кездесті. Жүздесу барысында мейман шариғат ілімінің ғалымы атанған  Абдулла ибн Масғудтың өмірі туралы уағыз жүргізді.

«Абдулла ибн Масғуд — ислам дінін жастай қабылдаған жан. Ол Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең жақын сахабаларының бірі болып, тіпті халық арасында «Пайғамбар сырларының сақтаушысы» атанған.Алғашқы мұсылмандар арасында ол Құран білгірі ретінде танылған. Ал, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ибн Масғудтың айтқандарын бұлжытпай орындаңдар»  деп өсиет еткен.

Абдулла ибн Масғуд Куфа қаласында қазы міндетін атқарды және шариғат жөнінде білім беретін орталық құрған сахабалардың бірі болды. Кейіннен осы орталықты өзі басқарды.Ибн Масғудтан кейін бұл орталықты оның шәкірті — Әлқама ибн Кайс басқарды» деген теолог маман Төлеген Талдыбаев, сахаба Абдулла ибн Масғудтың ілім, ғылымға деген құштарлығын кейінгілерге үлгі етті.

Исламдық деректерде Абдулла Ибн Масғудтың ғылымға бейім екенін байқаған Хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сен тәлімгер болатын жігіт екенсің» деп, оны үлгі еткендігі айтылады. Сахаба Абдулла Ибн Масғудтың ғылымдағы мәртебесі баяндалған еңбектерденоның «Құран», «Хадис» және «Фиқһ» салаларында үлкен дәрежеге ие екендігін де байқауға болады. Сахабалар өмір сүрген бұл кезеңде ғылым атаулының барлығы осы үш ғылыми салада жинақталған болатын.

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға