АТЫРАУ: ҚАРТЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР
Атырау өңірінің өкіл имамы,Ғұламалар кеңесінің мүшесі, РhD доктор Батыржан қажы Берденұлы шаһардағы Қарттар үйіне арнайы барды.
Орталық "Иманғали" мешіті атынан 105 адамға арнап жайылған дастархан басында аталмыш үйді мекен еткен ақсақалдармен, кейуаналармен жүздескен Бас имам Батыржан Мансұров барға қанағат ету, әр атқан таңға шүкіршілік ету тақырыбында уағыз-насихат айтты.
"Қарттарымыз елдің берекесі. Халқымыздың "Қарты бардың қазынасы бар" деген сөз тегін айтылмаған. Асылында, Алла Тағаланың адам баласына бұйырған құлшылықтың бірі – шүкіршілік. Ол жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде: "Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар" дейді. Адам баласы – Алла құзырында дәрежесі өте жоғары жаратылыс. Құранда: "Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды. Сонда кім қарсы келсе, қарсылығының обалы өзіне", - делінеді.
Қалай десек те, Алланың жұмырбасты пендеге нәсіп еткен нығметін санасақ, санына жете алмасымыз — ақиқат. Міне, осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзін сансыз нығметтермен ризықтандырып, өмірдің сан алуан жақсылықтарын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды емес пе?! Осындай орасан нығметтердің төлеуі ретінде Аса қамқор, Ерекше Мейірімді Алла Тағала бізден болмашы ғана құлшылықты талап етеді. Ол – бүгінгі тақырыбымызға тұздық болып отырған шүкіршілік ету құлшылығы" деп атап өтті кездесу кезінде өңіріміздің өкіл имамы.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.