Жылыойда Мәулітке арналған рухани кеш өтті
Атырау облысы, Жылыой ауданының «Кең Жылыой» мәдениет үйінде аудандық мешіттің ұйымдастыруымен «Адамзаттың ардақтысы» Мәуліт рухани шарасы өтті.
Рухани кешке Жылыой ауданының әкімнің орынбасары Фарида Төлегенқызы, қажылар, имамдар, жылыойлық жамағаттар қатысты. «Жылыой мұсылмандар» мешітінің Бас имамы Арман Исаев Мәуліт мерекесінің мәніне, әз-Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өнегелі өмірінен уағыз айтылды. Атырау облысының өкіл имамы Батыржан қажы Берденұлының сәлемін жеткізді.
- Мәуліт айында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келді. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге, әлем нұрға бөленді. Пұтқа табынушылық, қараңғылық дәуірі өтіп, мұсылмандар Ислам дінінің игілігін көрді. Алланы таныды, негізгі құндылықтарды ұғынды және мұсылмандарға қашанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адалдығы, жанашырлығы, көркем мінезі, кешірімшілдігі үлгі болуы керек, - деді «Жылыой мұсылмандар» мешітінің Бас имамы Арман Исаев.
Рухани кеште илләһи әндер орындалып, шараны әсерлендіре түсті. Шара барысында «Жылыой мұсылмандар» мешітінің наиб имамы Нұрбек Махмутұлы шәкірттерімен бірге Мәуліт жырын оқыды. Рухани кештің соңында мерекелік дастархан жайылып, аз қамтылған жүз отбасыға азық-түлік пакеті таратылды.
Жылыой аудандық «Жылыой мұсылмандар» мешітінің баспасөз-қызметі.