Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам сыр сақтаудың маңызы туралы уағыз айтты

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте айлық дастархан ұйымдастырылды.

Облыс орталығына қарасты барлық мешіттерден екі жүзге жуық жамағат жиналған айтулы шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау аймағының Бас имамы Батыржан Мансұров арнайы қатысып, исламдағы сыр сақтаудың маңызы туралы уағыз айтты.

«Сыр – біреудің саған берген аманаты. Сырды сақтау – әз Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиеттерінен. Инсанның Жаратушысына құлшылық қылуы, ораза ұстауы, жасырын садақа-зекет беріп, тәспі-зікір етуі, бұның барлығы да көпшілікке жария қып шаша бермейтін сыр амал. Иманды жан рухани кемелділікке ұмтылғанда, ең бірінші, айналасындағы ағайынмен ара-қатынасын түзей бастайды. Ой түзелсе, сөз түзеледі. Сананы Жаратушының қалауына ырықтап, шығар сөзді имани ой елегінен өткізіп, салиқалылыққа бой ұрған адам қай кезде де достары мен туыстарының жадында. Сөзге берік адамға достары сенім білдіріп, сұхбаттасып, сырын ашып жатады. Сол сырды сақтау - достық әдептерінің бірі. Алла Тағала Құранда: «...Сертті орындаңдар! Сөзсіз (қияметте) серттің де сұрауы бар!» - деп ескертеді (Исра сүресі, 34-аят)» деген Бас имам Батыржан қажы Берденұлы бір ауыз сөзбен адамды жақын етуге де, болмаса, көңілін қалдырып, әбден алшақ етуге де болатындығына тоқталды.

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға