Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда жастар аудиториясына арналған көшпелі дәріс өтуде

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысы бойынша өкілдігінің мұнайлы өлкенің орталығында көшпелі дәрісі өтуде.

Жастар аудиториясын қамтуға арналған көшпелі дәріс Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында орналасқан «Мəулімберген» мешітінде өтті. Арнайы дастархан жайылып, бейресми форматта өткен кездесуде орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ерболат Боқанов атақты сахаба Əбу Аюб əл-Ансари өмірінен уағыз-насихат айтты.

«Әбу Аюб әл-Ансаридің (р.а.) үйі екі қабат еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «кіріп-шығар адамым көп» деп астыңғы қабатқа жайғасты. Бұған сахаба Әбу Аюб әл-Ансари мен оның бәйбішесінің көңілі жай болмады. Құдайы қонақтың төменде, өздерінің жоғарыда болуы түн ұйқысын қашырды. Дөңбекшіп неше күн ұйықтай алмайды. «Бір күні су құйылған ыдысымыз құлап, ішіндегі суы жерге төгілді. «Бірінші қабатқа су өтіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) төбесінен тамшыламасын» деп дереу бәйбішем екеуміз өзіміз жамылып жатқан жалғыз ғана көрпемізді судың үстіне тастай қалдық», – дейді. Сөйтеді де шыдай алмастан Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Уа, Расулым! Біздің жоғарыда, Сіздің төменде болғаныңыз бізді жайсыз жағдайға қалдырды. Сіз төбемізде болыңыз, біз төменіңізде болайық», – деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жоғары шыққанша жалбарынып тұрып алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да сахабаның көңілін қимай, жоғарғы қабатқа көшеді. Пайғамбарлардың тәжі болған Расулымыз (с.ғ.с) төбеге шыққанда ғана сахабаның көңілі көншіп, ұйқысына береке енеді. Аюб әл-Ансаридің сүйіспеншілігі оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) төбесінде жайбарақат жатқызбады» деп атап өтті ұстаз .

Дәріс соңында ұстаз Ерболат Боқанов жастар тарапынан келіп түскен бірқатар сауалдарға жауап берді.

Айта кетелік, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен жастарға арналған рухани, ағартушылық бағыттағы жобалар жыл бойына жүргізілетін болады.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға