Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы қайырымдылық қорының ашылу салтанатына қатысып, Қызылқоға жұртшылығымен жүздесті

Қызылқоға ауданына бір күндік жұмыс сапары аясындаРеспубликалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы қайырымдылық қордың ресми ашылу салтанатына қатысты.

 

«Қызылқоға – құтты мекенім» қайырымдылық қорын жергілікті кәсіпкерлер Азамат Өтебаев пен Медет Серікбаев ашып отыр. Жергілікті «Арман» мәдениет үйінде өткен ізгі шара аясында қордың құжаттарын Қызылқоға аудандық «Бәйтерек» орталық мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов қор төрағасы Азамат Өтебаевқа салтанатты жағдайда табыс етті.

 

Қызылқоға жұртшылығы қатысқан жиында ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы жастарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, жат ағымдардан сақтану арқылы, ел бірлігін нығайту жолында бірігу хақында уағыз-насихат жүргізді.

 

«Ислам дінінің мақсаты – адам баласын бұл дүниеде және ақыретте бақытқа кенелту. Алла Тағала Құранда: «Намаз өтелген кезде жер жүзіне таралыңдар да, Алланың кеңшілігінен несібе іздеңдер. Және де Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма», 10), – дейді.

 

Сондықтан, теxнология сағат санап қарыштап дамып бара жатқан сәтте қазақтың әрбір ұл-қызының уақытын бос, пайдасыз нәрселермен өткізуі елдігімізге сын. Ел болашағына жалғыз ғана даңғыл жол бар. Ол – сауаттылық» деп атап өтті ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы.

Айта кетелік, «Қызылқоға – құтты мекенім» қайырымдылық қорының мақсаты – мұқтаж жандарға әлеуметтік тұрғыда жан-жақты көмек көрсету. Салтанатты рәсім кезінде қор қызылқоғалық үш азаматқа Умра қажылығына жолдама берді. Осылайша, кіші қажылыққажолдаманы Нұрлан Орынбаев, Бауыржан Мәселов және Райымбек Якупов иеленіп отыр.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға